Соғыс! Соғыс! Бұл сөзді естігенде тұла бойың тітіркеніп, қабырғаң қайысады. Неше алуан соғыс дүниені дүр сілкіндірді, қаншама адамзатты қасіретке ұшыратты. «Ер елсіз болмайды, ел ерсіз болмайды» деп дана халқымыз айтқандай, қан майдандарда қол бастап, елдің намысын жауға таптатпаған Ұрымқайлық батыр аталарымыз аз емес. Әскеріміздің тарихындағы ерлікке толы оқиғалардың бірі 1995 жылдың 7 сәуір күні тәжік-ауған шекарасын қорғау барысындағы шайқас. Осы шайқаста ерлікпен қаза тапқан ішкі әскердің он жеті жауынгердің бірі жерлес ағамыз, бейбіт өмірде ерлік жасаған Ербол Бекебаев та бар еді. Ербол ағамыз әскери борышын өтеп жүріп, 1995 жылдың 7 сәуірі күні Тәжікстан-Ауғанстан шекарасында болған қанды қақтығыста шейіт болды. Иә, сол он жеті жастың, ТМД елдері шекарасын қорғау мақсаты бойынша республика тапсырмасымен аттанған Қазақстанның ерікті батальоны құрамындағы ержүрек жігіттердің өшпес ерлігі мәңгілік есте қалмақ. Олар жат жерде, бөтен елде табан тіресе жаумен шайқаса отырып, батырлықтың үлгісін көрсетті. 1995 жылы 26 тамызда Шымкент гарнизонындағы ішкі әскер бөлімінің аумағында қаза тапқан он жеті сарбазға арналып ескерткіш белгі қойылды. Он жеті жауынгердің есімдері бөлім жеке құрамасының тізіміне мәңгілікке жазылды. Қазақта «Елдің атын ер шығарады», дегендей сол қазақстандық жауынгерлердің ерлігін Тәжікстан халқы да ұмытқан жоқ. 2007 жылы желтоқсан айында Душанбе қаласында мәрмәр тасқа қаза болған ерлеріміздің есімі қашап жазылған Ерлік монументі ашылды. Ал Астанада 2009 жылдың сәуірінде Отан қорғаушылар алаңында Ішкі әскерлердің 17 жауынгерге арналған Ерлік аллеясы ашылды. Сол аллеяда жыл сайын Ішкі әскерлер жас сарбаздарының Отан алдында адал қызмет етуге ант беру рәсімін өткізу дәстүрге айналған. «Ғасыр өтсе де, жылдар өтсе де есте сақтаймыз» атты Мәңгілік Даңқ тақтасына Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен бір қатарға Ерболдың есімі де енгізілген. Жыл сайын мектебімізде бұл күн «Ерлікке тағзым күні» болып аталып өтіледі. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл. Соған орай, мектебімізде «Ауғанның от-жалыны» атты әдеби-сазды кеш өтті. Қонаққа жерлес жауынгер-интернационалист ағаларымыз Туймаков Кенжетай Ғалымжанұлы, Каражелясков Иван Иванович, Ербол ағамыздың анасы Жанат апай келді. Оқушыларға Жанат апай аналық ақ тілегін жолдады. Кеуделерінде ордені және медалі тағылған ардагерлерге біз құрметпен қарадық. Тарих пәнінің мұғалімі Ишмухамедова Балерке Сайфуллақызы сол сұрапыл соғыстың қиын қыстау кезеңін және қаза тапқан батыр-ер жерлестеріміз жайлы әңгімелер айтты. Іс-шарада слайд көрсетілімдері мен «Ауғанстан» атты деректі фильм көрсетілді. Қонақтар «Ауған соғысы жаңғырығы» атты кітап көрмесімен танысты. Кеш соңында жерлесіміз, Кіндік-Қарағай ауылының тумасы, Щучинск қаласының білікті тіс дәрігері Тұймақов Кенжетай Ғалымжанұлына сөз берілді. «Біреулер үшін бұл қатардағы күннің бірі ғана шығар, ал біз үшін - тарихи күн. Санамызда қанмен және термен жазылған күн болып қала бермек!» деді. Баршаларыңызға амандық, оқуларыңды жақсы оқып, еліміздің саналы азаматы мен азаматшалары болуларыңа тілектеспін, - деп өзінің жүрек жарды лебізін білдірді. Сәуір айында облыстық зерттеу жұмыстары байқауында «Жерлестер» номинациясы бойынша «Ер есімі - ел есінде» тақырыбымен Бекебаев Ербол ағам туралы ғылыми жобамды қорғап, жүлделі II орынға ие болдым. Бекебаев Ербол атындағы отряд, яғни 11-сынып оқушылары салтанатты түрде бізге отрядтың атын табыс етті. Біз жерлестеріміздің даңқты ерлігін паш етуге, білімге табандылықпен ұмтылуға ант бердік. Біз еш уақытта да ел үшін жанын пида еткен арыстарымызды ұмытпауымыз керек. «Неше мың жылдар өтсе де тарих білмек», - деп Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз жырлағандай, сұм соғыстағы ерліктерімен көзге түскен, жанын қиған батыр ағаларымызды құрметтеп, оларды жүрегімізде сақтап, мақтан тұту, ол біздің үлкен парызымыз.
Байгабулова Айдана
Ұрымқай орта мектебінің 8-сынып оқушысы