Көкшетауда әлеуметтік нысандардың карантин режимін бұзғаны анықталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау қалалық әкімдігі, қалалық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, қалалық ПБ және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы қызметкерлерінен құрылған 6 мобильдік топ облыс орталығында карантиндік шараларды сақтау бойынша рейд өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көкшетау қалалық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысы Қанат Ысқақовтың айтуынша, маусымның 8-9 күндерін қамтыған рейд кезінде мониторингілік топ қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету, мәдениет, туризм нысандары, сондай-ақ, азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды сататын дүкендер, қоғамдық көліктерде жұмыс алгоритмін түсіндірді. «Акция кезінде 802 қаулы мен жұмыс алгоритмі тапсырылды. Жалпы, шара барысында 88 нысанда заңбұзушылық анықталды. Оның 57-сі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды сататын дүкендердің үлесінде. Атап айтқанда, әлеуметтік арақашықтықтың сақталмауы, көтерме және бөлшек сауда орындарында дүкеншілер мен тұтынушылардың маска тақпауы, санитайзер мен дезбарьерлердің жоқтығы, қоғамдық тамақтану орындарында отбасылық мерекелік шаралары өткізу, ас беру, кесте бойынша тазалау, қызметкерлерге термометрия жүргізу сияқты карантиндік талаптардың орындалмағаны анықталды», - дейді Қанат Ысқақов. Ведомстводан атап өткендей, маусымның 9-ында жүргізілген рейд кезінде де бірқатар заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Мәселен, «Bedduin», «Caffein» кофеханалары мен «Пинта» гриль барында персоналдарға медициналық бақылау жүгізілмеген, күніне 3 рет термометрмен тексеріп, жағдайларын сұрап, қағазға және электронды нұсқада тіркемегені анықталды. Сонымен бірге, қызметкерлердің маскасыз жүргені, болғанның өзінде оны дұрыс тақпағаны белгілі болды. Дезинфекция құралы жеткіліксіз көлемде болып, бөлмені дизенфекциялау жұмыстары тиімді әрі кесте бойынша жүргізілмегені белгілі болды. «Анықталған барлық заңбұзушылықтар бойынша кәсіпкерлерге ҚР ӘҚбК 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік шара қолдану үшін іс материалдары Көкшетау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданатын болады. Бұл бағытта жұмыстар одан әрі жалғаса береді», - деп толықтырды Қанат Ысқақов.